Ата-баба мұрасын жаңғырту: QazaqGeography-дің Қымызмұрындық дәстүріне арналған кездесуі
12.03.2025
Наурыз мейрамы қарсаңында QazaqGeography еліміздің тарихи-мәдени мұрасымен таныстыруды жалғастыруда. «Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы» цикліндегі кезекті кездесу ежелгі әрі ерекше дәстүр – Қымызмұрындыққа арналды.
Қымызмұрындық – бұл жай ғана бие сүтінің алғашқы қымызынан дәм тататын той емес. Ол табиғатпен үндестікті, қауымдастық бірлігін және ата-баба дәстүріне деген құрметті білдіретін ерекше рәсім. Ежелден бұл мереке бүкіл ауылды, көрші-қолаңды, жолаушыларды дастархан басына жинап, жаңа маусымның алғашқы қымызымен бөлісудің нышаны болған.
Кездесу барысында QazaqGeography мүшесі, қоғам қайраткері, өлкетанушы және саяхатшы Бақтияр Қожахметов. Қымызмұрындық дәстүрінің тарихы, мәні және оның қазақ халқы үшін маңызы туралы әңгімелеп берді. Сонымен қатар, қымыз дайындаудың ерекшеліктері мен ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан әдістері туралы қызықты ақпараттармен бөлісті.
Қатысушылар Ұлытау өңірінің тарихи орындары бойынша виртуалды саяхатқа аттанып, 2012 жылдан бері бұл дәстүр ерекше ауқымда атап өтілетінін білді. Ұлытау бүгінде қазақтың дәстүрлерін қайта жаңғырту мен қымызды ұлттық асыл мұра ретінде насихаттаудың орталығына айналған.
Кездесуге қатысқан арнайы қонақтар мен сарапшылар:
Тоқабаев Нұрғали Жоламанұлы – атақты «Жоламан» шаруашылығының басшысы. Олардың қымызы 2023 жылы Италияда өткен халықаралық Slow Food фестивалінде Қазақстанды таныстырған болатын.
Ержанат Ахмет – гастрономиялық туризм саласының сарапшысы және Қазақстандағы алғашқы қымызға арналған гастрономиялық фестивальдің ұйымдастырушысы.
Бұл кездесу халқымыздың бай мұрасын еске салып қана қоймай, дәстүрлер, мәдениет пен заманауи көзқарастарды біріктіретін жарқын оқиға болды.