“Biz QazaqGeography” ақпараттық-коммуникациялық алаңы аясында “Қазақстандағы ұлттық парктерде экотуризмді дамыту” тақырыбында ашық дәріс өтті. Кездесу экология, туризм және табиғатты қорғау мәселелеріне бейжай қарамайтын жандарды біріктірді.
Кездесуді ашқан QazaqGeography Басқарма төрағасының орынбасары Адлет Ткенов экотуризмнің Қазақстанда табиғатты сақтау мен тұрақты дамудың маңызды құралына айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру — қоғам мен туристердің табиғатпен тікелей байланысы арқылы жүзеге асады.
QazaqGeography жобалық менеджері Жансая Бейсенова дәріс барысында еліміздің үш ерекше ұлттық паркімен таныстырды:
-
Алтын-Эмел — Орталық Азияның інжу-маржаны, бірегей ландшафтар мен сирек кездесетін жануарлар мекені;
-
Шарын — “қазақстандық Гранд-Каньон”, экотуризм мен шытырман сапарлар үшін таптырмас орын;
-
Іле-Алатау — көркем табиғатымен және экожүйелерінің алуандығымен туристерді баурайтын биік таулы парк.
Қатысушылар ұлттық парктердің экотуризм орталықтарына айналу мүмкіндіктері туралы ой бөлісіп, олардың экологиялық сананы қалыптастырудағы рөлін талқылады.
QazaqGeography қоғамды табиғатты қорғауға және мәдени мұраны құрметтеуге үндей отырып, экотуризмді дамыту жолындағы ынтымақтастыққа шақырады.