1979 жылдан бастап 27 қыркүйекте Дүниежүзілік Туристік Ұйымның Бас Ассамблеясының бекітуімен халықаралық туризм күні атап өтіледі. Биылғы мерекенің ұраны – «Туризм және жасыл инвестиция».
Қазақстанның Туризм және Спорт министрлігі мәліметіне сәйкес, 2020 жылдан 2022 жылға дейін Қазақстанның туризм саласына 4 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Мысалы, өткен жылы олардың көлемі 513,3 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар, аталған кезеңде елімізде 400-ден астам туристік нысан салынды. Биыл 288 миллиард сомаға 115 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып жатыр, олар 14 мыңнан астам төсек-орын және 1,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарын құрайды.
2023 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстандағы туристік қызметтен түсетін салық түсімдерінің көлемі шамамен 208 млрд теңгені құрады. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,4% - ға артық. Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша рекордтық көрсеткіш 389 млрд теңгені құрады.
Сондай-ақ, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында еліміздің қонақ үйлері туристерге 98,7 млрд теңгеге қызмет көрсетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 45% - ға артық. Ал биылғы жылдың алғашқы 6 айында орналастыру қызметтерін пайдаланған ішкі туристер саны 3,1 млн адамға жетті. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 400 мың адамға көп. Экотуристер саны 2 миллионға дейін өсті.
Ал осы жылдың қаңтар-маусым аралығында елімізге тоқтаған шетелдік туристер саны 516 мыңды құрады-өткен жылдың алғашқы 6 айындағы нәтижеден 1,8 есе жоғары. Бұл ретте орта есеппен алыс шетелден келген бір қонақ Қазақстанға 1500 доллар табыс әкеледі.
Сонымен қатар, елімізде туризм саласындағы кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдаудың 7 шарасы бар. Оларды атап айтсақ: әрбір шетелдік турист үшін туроператорлардың шығындарын субсидиялау, балалар үшін Қазақстан бойынша авиабилеттердің құнын субсидиялау (Kids Go Free бағдарламасы), кәсіпкерлерге тау шаңғысы жабдықтарын, көлік құралдарын сатып алуға (25%), жол бойындағы сервис, туристік нысандарды салуға және реконструкциялауға шығындардың бір бөлігін (10%) өтеу, сондай-ақ субсидиялар, санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстауға (айына 83 300 теңге) арналған шаралар.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРИЗМ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН НЕГІЗГІ ЦИФРЛАР
28.09.2023
< Артқа