Каспий теңізін сақтау мәселесін қоса алғанда, экологиялық проблемаларды тиімді шешу үшін қоғамдық сананы өзгертіп, экологиялық мәдениетті кішкентай кезден бастап қалыптастыру қажет. Бұл туралы Нью-Йорк ғылым академиясының мүшесі, профессор Нұрлан Мұңбаев мәлімдеді.
Каспий теңізінің деңгейінің төмендеуі 1997 жылдан бері байқалып келеді. Мәселені зерттеу және шешімдер іздеу мақсатында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институты құрылуда. Бас кеңсе Ақтау қаласында орналасса, зертхана Атырау қаласында ашылмақ.
«Институт Каспий теңізінің экологиялық мәселелерін зерттеумен айналысады. Оған су деңгейінің төмендеуі, итбалықтар мен балықтардың жаппай қырылу себептері, сондай-ақ Қызыл кітапқа енгізілген фламинго сияқты түрлерді қорғау мәселелері кіреді. Бұл – ерекше су айдыны, мұнда Қызыл кітапқа енгізілген бекіре тұқымдас балықтардың 80%-ы уылдырық шашу үшін келеді», – деп атап өтті Нұрлан Мұңбаев.
Профессор Каспий мәселелерін шешуде экологиялық және экономикалық аспектілерді ескеретін кешенді тәсілдің қажеттігін де ерекше атап өтті.
«Каспий – экологиялық және экономикалық мүдделер тығыз байланысқан аймақ. Мұнда әлемдегі ең ірі көмірсутек кен орындарының бірі – Қашаған мұнай жобасы жүзеге асырылып жатыр. Егер су деңгейі төмендей берсе, бұл тек экожүйеге ғана әсер етпей, жобаның өзіне де қауіп төндіреді. Біздің міндетіміз – бұл байлықты болашақ ұрпақ үшін сақтау», – деп баса айтты сарапшы.
Сондай-ақ, азаматтардың экологиялық мәдениетін арттырудың маңыздылығы атап өтілді.
«Әрбір қазақстандық су айдындарын – Каспийді, Балқашты, Жайық пен Есіл өзендерін сақтаудың маңыздылығын түсінуі керек. Экологиялық тәрбие мектептен немесе тіпті балабақшадан басталуы тиіс. Бізге білім беру бағдарламаларын жасап, азаматтық ұстаным мен су ресурстарын қорғауға жауапкершілікті қалыптастыру маңызды», – деп қорытындылады Нью-Йорк ғылым академиясының мүшесі, профессор Нұрлан Мұңбаев.