Бұл мақалада біз сіздерді Алматы хайуанаттар бағының тәжірибесі мол маман, приматтар бөлімінің меңгерушісі басшылығымен ерекше экспедицияға шақырамыз. Әбдібекова Шолпан Қайыпқызы 30 жылға жуық уақыт бойы Алматы хайуанаттар бағында жұмыс істеп, жабайы табиғатты сақтауға көмектеседі. Оның жұмысы приматтарға қамқорлық жасаумен тікелей байланысты және ол өзі табиғат әлеміне, оны сақтаудағы Қазақстанның рөліне ерекше көзқараспен қарайды.
Сіз көптеген жылдар бойы хайуанаттар бағында жұмыс істедіңіз. Алматы хайуанаттар бағында сіздің жолыңыз қалай басталды және сізді жұмысты жалғастыруға не шабыттандырады?
Алматы хайуанаттар бағында 1995 жылдан бері жұмыс істеймін. Ол уақытта мен Алматы мал дәрігерлік университетін бітіріп келдім. Университетті бітіргеннен кейін қай жерде қандай жұмыстар бар екен деген оймен Орманова көшесі бойында орналасқан хайуанаттар бағының есігінде «Кадрлар керек» деген хабарламаға тап болдым. Ол жайлы толығырақ білу үшін ішіне кірдім. Кірген сәтте менің мамандығым туралы сұрады. Мен болсам, мал дәрігері деп жауап бердім. Маған мал дәрігері болып жұмыс істеу үшін бірсыпыра сұрақтарға жауап беру керек екендігін айтты. Осылайша директор орынбасары, бас ветеринарлық дәрігер және директор үшеуі жауаптарды қабылдады. Қазір оны ойласам, сұрақтарға басынан аяғына дейін жауап бере аламын ба екен деген оймен қара терге түскенім еске келеді.
Осылайша, бірінші жылы мал дәрігерлер бөлімінде мал дәрігері болып жұмыс жасадым. Сол кездері жұмысым өте қызықты болатын. Тек қана маймылдармен ғана емес, хайуанаттар бағындағы барлық жануарлармен жұмыс істедім. Сол кезде ең қызықтысы — ұстазым бас ветеринар дәрігері болған Сүйіндік Тілепұлынан жинаған тәжірибем.
Ол маған блокнот пен қалам беріп, хайуанаттар бағын аралап жүргенде кездескен әр жануарды қазақ, орыс және латын тілінде аттарын жаздыртты, қайтарда әрқашан да емтихан тапсыратын едім. Денсаулық немесе түрлі травма болған кезде, университет бітіріп, диплом алып келсек те, «Патанатомия» деген кітапта сол кісі белгілі бір бетті аштыртып, бізді дауыстап оқытқызатын еді. Аутопсия болғанда сол кітапта жазылған нәрселер және біздің көргеніміз дәлме-дәл келіп тұратын. Осылайша, біз тәжірибе жинадық.
Университетте біз тек қана ірі мал шаруашылығы, аша тұяқтылар, шошқа мал шаруашылығын оқыдық. Осындай экзотикалық жануарлар болмаған және оларды іс жүзінде өтпедік. Сондықтан барлық тәжірибені жұмысқа келіп алдық.
Үш жылдан кейін приматтар бөліміне жіберіп, меңгеруші ретінде қойды. Бастапқыда осы бөлімге аударылғанда маған өте қиын болды. Меңгеруші ретінде келсем де, жетекшілік жасағанмен, маман болғанымен, осы жерде жұмыс істеген кәсіпкерлерден, әрі жұмыскерлерден көп нәрсе үйрендім. Сондықтан хайуанаттар бағында жұмыс жасаған кезде біреуінің білімі бар, ал біреуінің дипломы жоқ деп салыстыруға болмайды. Өйткені, жай қызметкер, не кипер болсын, бір-бірімізден алатын тәжірибе өте көп. Осы жерде жұмыс істейтін барлық адамдарға мен рақмет айтып, бас иер едім. Себебі, олардың білімдері терең, күнделікті жұмыспен тікелей байланысты болады.
Мен приматтар бөліміне 1998 жылы келгенде жасыл мартышкамыз 10 бала тапты. Оныншы балада ол шаршап, сүті де болмады. Үш күн бойы бала ембегендіктен, басы салпылтап түсіп қалды. Амал жоқ, оны қолға алып қоректендірдік, Рам деп есім бердік. Ол бізге өте жақын болды — сүтін, тамағын береміз, түнде бірге жатып, бірге тұрады. Бір жылдан кейін мен кезекті жылдық демалысқа кеткен болатынмын. Көктем кезі. Терезе ашық болатын, бірақ әлі далаға шықпадық. Ол кездері менің шашым қара, көзілдірігім бар және менде аллергия болғандықтан жиі-жиі түшкіретінмін. Сол кездері Рам мені қатты сағынды. Ішке адамдар кіреді, терезе ашық болды. Сол сәтте біреу қатты түшкіргенде, оны мен деп ойлаған Рам терезеден секіріп алып сол адамды құшақтап алған. Бетіне қарап мен емес екендігін түсінгенде, қайта ішке кіріп кетті.
Маймылдар оларға қалай өзің берілсең, солай олар да саған жауап береді. Тек мен ғана емес, басқа да хайуанаттар бағында жұмыс істейтін әр адам есіктен кіргенше асығып келеді деп ойлаймын. Не болып жатыр, балалы болды ма екен, кім бірінші көреді деген ойда жұмысқа келеді. Біздің бөлімімізде туылған баланы кім бірінші көреді, сол есімін береді деген дәстүр бар. Есім әрі қысқа, әрі нұсқа болып, төрт әріптен аспау керек.
Адам тәріздес маймылдардан шимпанзені 2001 жылдан бері ұстаймыз. Шимпанземіз бірінші баласын туған кезде біз қатты дайындалдық. Барлықтарымыз жиналып, кімді туғанын білгіміз келді. Ұрғашы шығып, туған баласын алдыма алып келіп қойды да, кім туғанын көрсетті. Мен оған көптеп алғысымды білдірсем, ол баласын одан әрі құшақтап сүйіп отырған.
Тағы бір қызығы, адам тәріздес маймылдардың еркектері агрессивті болады. Бірақ баласы бар екеніне мақтанады. Сонда әкесі қызын беліне отырғызып, жан-жағына «менде бала бар, мен — әкемін» деп қараған. Осылайша, жұмыс бабымен жануарлардың түрін сақтап, санын көбейтеміз.
Сіз приматтармен жылы қарым-қатынасыңызбен танымалсыз. Осы ерекше байланыстың қалай қалыптасатыны туралы бөлісе аласыз ба? Сізде қарым-қатынас жасаудың немесе оларға күтім жасаудың ерекше әдістері бар ма?
Маймылдар адамның қандай көңілмен келетінін сезінеді. Бір жылы қызық оқиға болды. Бізде байлар үйде маймыл мен гепард ұстайды. Осылайша бір байдың қолынан бізге гиббон алып келді. Балалары оқуға кетіп қалғанда, олар маймылға қарай алмай қалды. Барлық жұмыскерлер адам қолында өскен маймылды көруге қызығып, директор орынбасарының кабинетіне бір қатарға жиналған. Мен болсам, ең шетіндегі орындыққа отырдым. Кабинеттегі барлық жиналған адамдар гиббонды құшақтағысы келіп, асыға күтті. Гиббон кірген сәтте барлықтардың араларынан өтіп, маған қарай жүрді. Алдыма келіп, басын мойнымның астына тығып, мені құшақтап алды. Сонда болашақта оны қарайтын анасын сезіп тұрды. Жиналған адамдар «ол Шолпанға баратынын біліп тұр ғой» деп таң қалған.
Тағы да бір қызықты оқиға Қазан қаласындағы ботаникалық зообағыннан алған шимпанземен байланысты болды. Паша атты шимпанзе ол жерде бес жасына дейін тұрған екен. Оның кішкентай кезінен қарайтын киперлері, директоры мен орынбасарлары болған. Паша директор орынбасарын қатты жақсы көрген еді. Танысу кезінде мен вольерге жақындағанда, Паша қолын созып, құшақтап, мені сүйеді. Ал осыған дейін Пашаны өсіріп келген зообақ қызметкерлері оны көріп «бес минут болмай, бізді сатып кетті» деп жылап жіберді. Мен оларға «ренжімеңіз оған, болашақта оған қарайтын анасы мен болатынын сезіп тұр» дедім.
Адам тәріздес маймылдардың сезімталдығы өте жоғары. Оларға қатты сөйлесең немесе ұрыссаң, ренжиді. Кішкентай кезден өсірген маймылдарға даусын көтеріп сөйлесең, қолыменен аузыңды басып тұрады. Оларды қатты еркелетіп жіберсең, басына да мініп алады. Қалай адам баласын тәрбиелейтін болсақ, дәл солай маймылдарды да тәрбиелеу керек. Не болады, не болмайды деп айтпай отыратын болсақ, олардың қалай өсетіні, өмірге қаншалықты дайын болатыны белгісіз.
Хайуанаттар бағында примат түрлерінің арасында күтім мен өзара әрекеттесудің қандай ерекшеліктерін байқадыңыз?
Маймылдардың бірнеше сатылары болады: бірінші, жоғары және төменгі. Жоғары сатыда маймылдарға адам тәріздес маймылдар жатады. Ал төменгі сатыдағы маймылдарға Мадагаскар және Оңтүстік Америка мекендейтін кішкентай маймылдар жатады. Ол маймылдардың адам тәріздес жоғары сатыдағы маймылдардан ерекшелігі, мысалы, колиух дегенді алатын болсақ, табиғатта шимпанзе оларды аулап жиді.
Тағы бір ерекшелігі, табиғатта маймылдар баласының өмір сүру қабілеті болмаса, оны жеп қоюы мүмкін. Ал біз хайуанаттар бағында оларға екінші өмір сыйлаймыз.
Приматтармен күнделікті жұмысыңызда қандай қиындық пен қуаныш бар?
Осыларға еңбек етіп, өміріңді арнап, жан-тәніңмен беріліп отырған кезде, біріншіден, ауырмаса дейсің. Екіншіден, көбейсе екен дейсің. Көбейген соң, өздері балаларын асырап, жанұя болсын деп тілейсің. Егер асырай алмай, біз асырайтын болсақ, қайтарғанда өзінің тобы оны қайтадан қабылдайды деп үміттенеміз. Осындай кездерде біз қатты қуанамыз.
Ал олар ауырған кезде өте қиын болады. Дегенмен, оларды емдеп, қатарға қайта қоссақ, қуанып қаламыз. Маймылдар арасында да адамдарда сияқты жаман аурулар кездеседі. Рак ауруы, қан ауруы да болады. Оны білсек те, сонына дейін көмектесеміз. Бірақ олардың адамдар сияқты қайта өмірге келе алмайтынын біле тұра қатты қиналасың. Олар да өзінің ауырып жатқанын сезінеді, көздерінде тағы көмектесер деген өмірге талпыныс көруге болады. Өліп тұрған кезде қолыңнан ұстап, көмек сұрағандай сезінесің, сондай кездерде қиын болады.
Камқорлығыңызға қатысты ерекше сәттер немесе қызықты оқиғалар болды ма?
Жасыл мартышканың баласын асырап алған кезде, бір күні бөлімнен шығып кеткенде, басқа қызметкерлер келіп, Рам жоғалып кетті деген. Барлық вольерлерді тексергенде, Рамды жаздық тұрақта өз ата-аналардың қасында таптық. Ал оның әке-шешесі бізді көріп, кормушкадан кіріп кеткен тесікті қолмен жауып қояды. Сонда мен Рамға «онда сен осында қала бер» дегенде, ол өзі артымнан еріп, шықты. Маймылдардың аналары өздері баға алмаса да, балаларын ешкімге бермейді.
Менде аққол гиббон бар. Оның атасы, әжесі, әкесі және шешесі барлықтары қолдан өсірілді. Олар бірінші, екінші балаларын өздері асыра алмайды, тек үшінші, төртіншілерді асырауы мүмкін. Себебі, оны қалай асырау керек екендігін білмейді. Аққол гиббон баласын қанша жақсы көрсе де, емізіп, тәрбие бере алмағасын, баласын өзімізге қолдан тамақтандыруға тура келді. Анасы баласын бермейтінгін біле тұра, оны ұйықтатып қана баланы алатынбыз. Сонда да шешесі оны бергісі келмей, екі қолын созып тұрады. Осылайша, баланы бағып-күтіп, анасына қайтардық. Бүгін оның өз жанұясы бар.
Менің таң қалатыным, біздің адамдар баласын көшеде тастап кетеді. Сонда маған маймылдардың ой-қабілеті адамдарға қарағанда жоғары деген ой келеді. Маймылдар баласын асырай алсын не алмасын, ешқашан баласын тастамайды, оны бергісі келмейді.
Біздің хайуанаттар бағына шетелдік қонақтар де келіп тұрады. Олар біздің бақтағы жануарларға жасалған жағдаймен танысып, ризашылық білдіреді. Себебі біз жануарларды жақсы күтеміз, дүниежүзілік рацион ұстанамыз. Ал кейбір кісілер жануарлар аш отыр деп ойлайды. Сондықтан қонақтардан қолдан тамақ бермеуді сұраймыз, себебі ол рационды бұзып, жауарлардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.
Приматтар мен олардың тіршілік ету ортасын сақтаудың маңыздылығы туралы пікіріңіз қандай? Сіз қатысатын немесе сізді шабыттандыратын бағдарламалар немесе бастамалар бар ма?
Дүние жүзінде асырылатын IPR (International Primate Rescue) бағдарламасына біз де қатысамыз. Бағдарлама бойынша азайып келе жатқан маймылдарды сақтап қалып, көбейту бойынша жұмыс атқарылады. Осы бағдарлама аясында біздің хайуанаттар бағында маймылдарды көбейткенмен, оларды табиғатқа жібере алмаймыз. Әрі қарай, бағдарлама координаторы маймылдарды қалай және қай жерде табиғатқа жіберілетінін қадағалайды.
Оған қоса, қазіргі таңда жер бетінде қанша шимпанзе, горилла, орангутан және азайып бара жатқан маймылдар санын біліп отырамыз. Олардың азаюдың басты себебі — адамдар. Біз оларға өмір сүретін ормандарды қалдырмадық. Осындай жағдайда кейбір маймыл түрлердің сақтап қалу жолы — оларды хайуанаттар бағында орналастыру. Ал кейбір қоғам қайраткерлері жануарлар бағын жабуға шақырады. Сонда саусақ ұшында санауға келетін табиғатта сирек кездесетін үйі жоқ жануарлар қайда өмір сүруі керек туралы ойламайды.
Хайуанаттар бағындағы жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті қалай табасыз?
Менің отбасым хайуанаттар бағын жақсы көреді. Олар менімен бірге осы жұмысқа ат салысады. Жұмыста кеш қалғанда, маған тамақ алып келеді. Әлемдегі болып жатқан барлық жаналықтарды қадағалап, ең қызық бағдарламалар туралы айтып береді. Мен ойымша, хайуанаттар бағының барлық қызметкерлердің отбасылары хайуанаттар бағымен тікелей байланыста болады.
Приматтармен немесе хайуанаттар бағымен жұмыс істегісі келетін жас мамандарға қандай кеңес бересіз?
Қазіргі кезде жастар оқу бітіріп, диплом алып, қандай да бір жұмыс түрін атқарғысы келмейді, жануарлармен жұмыс істейтін қызметкерлерді қарапайым жұмысшы деп ойлайды. Бұл қателік, себебі, адам болғаннан кейін олардың дәрежесі бірдей болады. Ең бастысы, олардың жаны ашиды, біздің де жанымыз ашиды. Оған қоса, университетте оқығанда осындай жануарлармен жұмыс істеуге мүмкіндік берілмейді, ал жұмыскерлерден үйренетін заттар көп.
Кез келген жаңа мамандарға көп оқып, іздену керек. Ол тек хайуанаттар бағына ғана қатысты емес, ол ірі комплексте, мал шаруашылығында жұмыс істеймін деген жастарға да қатысты болып тұр. Сонымен бірге, жануарлардан қорықпай, жеркенбеу керек.